РУС

«Мұнай сақтандыру компаниясы» АҚ сенімділік рейтингі

«Мұнай сақтандыру компаниясы» АҚ сенімділік рейтингі. «Эксперт РА Казахстан» рейтинг агенттігі «Мұнай сақтандыру компаниясы» АҚ-ның сенімділік рейтингін A+, "Өте жоғары сенімділік деңгейіне" дейін көтерді. Компанияның бұрынғы рейтингі -А, "Жоғары сенімділік деңгейі" болатын.

Рейтингті арттыруға себеп болған негізгі факторларға меншікті қаражаттардың позитивті динамикасы (2012 жылы — 8,44%, 2011 жылы — 2,66%), сондай-ақ қайта сақтандыру қорғанышының жоғары сенімділігі жатады. Компания рейтингіне шығындылықтың төмен көрсеткіштері (шығындылық коэффициенті-нетто — 36,27%), сақтандыру портфелінің әртараптандырылуы (2012 жылдың қорытындысы бойынша Херфиндаль-Хиршман индексі — 0,18), инвестициялық портфельдің жоғары жеткілікті өтімділігі және салымдардың сенімділігінің жоғары деңгейі оң ықпалын тигізген. Сонымен қатар компания Қазақстан Республикасы нарығында сақтандырудың жекелеген түрлері бойынша көшбасшылық танытуда.

"Мұнай сақтандыру компаниясы" АҚ байыпты қайта сақтандыру саясатын ұстанады: барлық ірі тәуекелдер қайта сақтандырылады, халықаралық рейтингі жоғары қайта сақтандыру жөніндегі серіктестері бар, осының бәрі компанияның рейтинг бағасына оң әсерін тигізеді», —дейді «Эксперт РА Казахстан» Бас директоры Әділ Мамажанов.

Рейтинг деңгейін шектейтін факторлар ретінде ең үлкен сақтандыру төлемінің меншікті қаражаттарға қатысты нетто-шамасының мардымдылығы (меншікті қаражаттардың 21,56%-ы), рентабельділіктің бірқалыпты көрсеткіштері, дебиторлық берешектің салыстырмалы жоғары деңгейі (активтердегі үлесі 01.01.2013 ж.алғанда — 10,01%) және теңгерімнен тыс міндеттемелердің жоғары болуы көрсетілді.

«Мұнай сақтандыру компаниясы» АҚ —әмбебап сақтандырушы. 2012 жыл қорытындысы бойынша, ҚР ҰБ ҚҚК деректеріне сәйкес, компания жиналған жиынтық сақтандыру сыйақысының көлемі жөнінен 9-шы орынға, көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру жөнінен 3-ші орынға, мүлік сақтандырудан 4-ші орынға, аурулардан сақтандыру бойынша 4-ші орынға орналасқан.

2013 жылдың 1 қаңтарында компания активтері 9,63 млрд теңгені, меншікті капитал — 3,55 млрд теңгені, жарғылық капитал — 1,50 млрд теңгені, 2012 жылғы сақтандыру жарналары —10,22 млрд теңгені құраған.

Дерек көзі: http://expertonline.kz/a11219/